Жаңалықтар

26.06.2016

«Ішкіпартиялық менеджмент технологиялары» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

2016 жылдың 23-25 маусымы аралығында «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебінде «Ішкіпартиялық менеджмент технологиялары» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке партияның өңірлік филиалдарының Төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Семинардың алғашқы күні партияның Орталық аппаратында Партия хатшысы Ф.Ш. Қуанғановтың, Орталық аппараттың басшысы А.Ж. Ихдановтың, Баспасөз-хатшысы А.В. Аксютицтің және Департамент директорларының қатысуымен жұмыс бабы бойынша жүздесу өтті.

Жүздесу барысында идеологиялық жұмыс пен партияның өңірлердегі имидждік жұмысының негізгі аспектілері және өңірлік деңгейде партиялық жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдері мен партиялық кураторлардың жаңа міндеттері талқыланды. Сондай-ақ партиялық бақылауды, Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын және халықпен байланыстың жаңа әдістерін жетілдіру мәселелері қарастырылды. 

Түстен кейін Саяси менеджмент мектебінің директоры Ж. Боқанова «Қазақстанның саяси жүйесіндегі «Нұр Отан» партиясының орны мен рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамадан кейін қатысушыларға Ж. Боқанова «Нұротандықтың кескіні», ал Саяси менеджмент мектебінің әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Б. Масатова «Саяси партиялардың қызметіндегі тәуекелдер» тақырыбында тренингтер жүргізді. Тренигтер интерактивті форматта, кейстерді қарастыру және проблемаларды талқылау әдісі бойынша өтті.

Келесі күні семинар-тренинг ҚР Тұңғыш Празиденті – Елбасы Кітапханасында жалғасты. Қатысушылар семинар басталмас бұрын Кітапхананы аралып, ондағы құнды жәдігерлермен танысты.

Бұл күнгі семинар-тренингті ашқан ҚР Тұңғыш Празиденті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Ж. Қуанышев өткізіліп отырған шараның маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин «Конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның мемлекеттік саясаты» тақырыбында баяндама жасады. Ал, бизнес-тренер және кәсіби медиатор Ш. Оразбаева конфликтология негіздері мен жанжалдарды шешудің әдістері туралы тренинг өткізді.  

Түстен кейін Саяси менеджмент мектебінің әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің консультанты Е. Жұмашов партия қызметіндегі брендингтің маңызы мен қолданылу ерекшеліктері туралы баяндама жасады. Одан кейін, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің хатшылар алқасының басшысы және БПҰ-ның төрағасы Ж. Құрманғазиев партиялық жұмыстағы корпоративтік басқару құралдары туралы айтып берді.

Оқытудың үшінші күні толығымен «зияткерлік карта» тақырыбына арналды. Бұл тренинг партия қызметкерлерінің шығармашылық ойлау қабілетін шыңдауға және жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл тренингті «Ойлау технологиясы институты» жобасының авторы және Қазақстандағы құрастырушысы Ж. Жалқыбаев жүргізді. Тренингте зияткерлік-картаны құрастырудың негізгі құралдары, әдістері және қағидалары қарастырылды. Қатысушылар бұл тәсілді терең меңгеруі үшін практикалық жаттығулар жасады. Тренинг соңында Ж. Жалқыбаев қатысушыларға осы тақырып бойынша өз білімін кеңейту бойынша кеңестер берді және оның жолдарын көрсетті.  

Нұр Отан
Ак Орда
Жас Отан
НурМедиа
Институт общественной политики